Екіжүздіге ең ауыры – намаз ба?
Ақиық елші (ﷺ) бір хадисінде: «Алла разылығы үшін қырық күн бамдат намазын үздіксіз оқыған жанның жүрегінен, тілінен даналық төгіле бастайды»[14]– деген. Пайғамбарымыз бұл мағыналы сөзімен бізге бамдат намазының ерекшелігін жеткізеді. Басқа риуаяттарда құптан намазы жайында осы мағыналас сөздер айтылады. Бірақ, жалпы дінімізде бамдат намазына көп мән берілген. Себебі, Алланың құлдарына ең ауыр тиетіні бамдат намазы. Осы уақытта тәтті ұйқысын бөліп, жылы төсегінен тұрып, дәретін алу, сосын жамағатпен намаз оқу үшін мешітке бару кез-келген пендеге оңай соқпасы анық. Осыны орындай алған құл нәпсісіне, шайтанның азғыруына қарсы тұра алады. Мұсылмандар мұндай қиыншылықтарды тек қуатты иманның арқасында жеңе алады. Бірақ мұнафықтарға (екіжүзділер) ең ауыр тиетін осы – бамдат намазы. Пайғамбарымыздың өзі (ﷺ) бір хадисінде: «Мұнафықтарға бамдат пен құптан намазынан ауыр намаз жоқ» – деген. Және бір хадисінде: «Егер адамдар жамағатқа ерте келудің артықшылығын білсе, араларында жарыс болатын еді. Құптан мен бамдат намазын жамағатпен оқудың артықшылығын білсе, еңбектеп болса да осы екі намазға келер еді»[15] – деген.

Бұған байланысты бір хадис шәріпте, нәпсіге ауыр тиетін бамдат намазын жамағатпен оқу арқылы, көңілдің даналық нұрына бөленетіні айтылған. Сондықтан, нәпсіге ең ауыр тиетін бамдат намазын жамағатпен оқыған адам басқа намаздарды да жамағатпен оқуға қайраттанатыны сөзсіз. Әрі Алладан қорқу – пенденің намазға деген ықыласын арттырып, түрлі ауыртпашылықтарға төтеп беруге көмектеседі. Құран кәрімде Алла Тағала «Намаз тек Алладан қорыққандарға ғана ауыр тимейді» деген, яғни Аллаға деген сыйлы қорқынышы неғұрлым аз болса намаз оған қиын тие бастайды.

«Бүгінге дейін ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Бастысы, жүрегім таза. Намазды оқымасам ештеңе етпес?»
Өкініштісі, осындай ойдағылар да бүгінде көптеп кездеседі. Әрине, бұған Ислам жайлы көп білмегендік итермелеуде. Алдымен «жүрегім таза» деп бек сену, өзіне-өзі сенімді болу және намаз оқығандарды жүректері лас деп білу үлкен қателік. Өйткені дініміз әр мұсылманға қылдай тәкаппарлығы жоқ, қарапайым болуды бұйырады. Екіншіден, жүрегінің таза екенін әркім өзі емес, оны басқа адамдар айтуы керек. Әрине, ешкім өзінің кемшілігін көре алмайды. Әрі Раббымыз намазды тек жүрегі лас адамдарға бұйырған жоқ, намаз барлық адамдарға парыз етілді. «Жүрегім таза деген» адам соны намаз оқып дәлелдесін. Бұрын-соңды адамзаттың ішіндегі ең жүрегі таза адам хазірет Мұхаммед (ﷺ) болғаны күмәнсіз. Алла оны күнә атаулыдан Өзі қорғаған. Сол пәк пайғамбар бәрімізден артық намаз оқитын. Намаз құлдың Жаратқан Иесіне деген шүкіршілігінің белгісі деп білетін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) кей күндері таң ағарғанға дейін түнімен намаз оқитын. Тіпті аяқтары ісініп кететін. Бұны көрген Айша анамыз (р.а.): «Уа, Расулаллаһ! Алла Тағала сізді барша күнә атаулыдан сақтамап па еді, осынша таусыла намаз оқығаныңыз қалай?» – деп сұраған кезде Пайғамбарымыз (ﷺ): «Аллаға көп шүкіршілік еткен құл бол маймын ба?»[16] – деп шүкіршіліктің асыл мәнін ашып берген болатын. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жұмаққа жүректері құстың жүрегіне ұқсайтын адамдар кіреді» деген. Ғалымдардың айтуынша, олардың жүректері бейне бір құстың жүрегіндей дір-дір етіп, Алланың бұйрықтары мен тыйымдарына аса сақтықпен қараған әрі әрдайым Аллаға тәуекел еткен жандар. Әрине, мұндай құлдардың намаз оқымай, тек жүрек қорқынышымен жүруін айту мүмкін емес. Абдуррахман ибн Сахрдан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Шын мәнінде, Аллаһ тағала сендердің сыртқы дене-бітімдеріңе, түр-тұрпаттарыңа емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды. (Соған қарап сауапқа бөлейді)» – деген. Бұл хадисте жүрекпен бірге амалдың қатар тұруы да тегін емес. Құранның көптеген жерінде «иман етіп, амал қылғандар» деп жиі айтады. Өйткені иман ету деген сөз Исламның барлық бұйрықтарын орындаймын деген сөз. Демек жүректің тазалығы шынайы имандылықпен, парыздарды өтеумен, салиқалы амалдарды орындаумен белгілі болмақ.

Балаға қанша жастан бастап намаз үйрету керек?
Бұл орайда Пайғамбарымыздың (ﷺ) мейіріміне бөленіп, ерекше дұғасымен өскен жас балалар Хасан мен Хұсейінді мысалға бергеніміз орынды. Бір күні пайғамбарымыз жамағатпен намаз оқып жатып сәждеге барады. Сәждеде ұзақ тұрғаны соншалықты – жамағат не болғанын білмей, қатты қобалжиды. «Сірә бізге белгісіз бір жайт болды немесе уахи келді» – деп ойлайды. Бір уақытта сәждеден басын көтеріп, намазын ары қарай жалғастырды. Сахабалар намаз оқып біткеннен соң Пайғамбарымыздың сәждеде ұзақ тұруының себебін сұрайды. Сонда Алла елшісі (ﷺ): «Мен сәжде жасағанда, Хусейн үстіме шығып алды. Үйде бұл істі әдетке айналдырғандықтан, оны арқамнан түсіре алмадым. Міне, сондықтан сәждем ұзаққа созылды»[17] – дейді. Хүсейіннің мұндай балалық қылығына бола Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз оқуын үзбеген. Осылайша бақытты ғасырдағы бақытты жас жеткіншектер, Алланың сүйікті елшісімен намаз оқып, намаз құрметіне ие болатынды. Балалардың мешітке әбден үйреніп алғандығы сонша сахабалардың бірі: «Пайғамбарымыз (ﷺ) бізге хұтпа айтып жатқанда Хасан мен Хусейін келген еді. Екеуі үстіне қызыл көйлек киіп алған. Бір-бірімен жағаласып жүгіріп келе жатты. Пайғамбарымыз (ﷺ) мінберден түсіп, оларды алдына алып: «Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Ең үлкен сыйлық Алланың құзырында»[18]деген аятты оқиды. Сонан соң «Мына екі балаға қараңыздар. Жағаласып, жүгіріп жүр. Бұл тәтті қылықтарына шыдай алмай, жаныма алдым[19] – дейді. Кішкене бұзақылықтарына бола Пайғамбарымыз (ﷺ) немерелерін мешіттен, намаздан, ілім мәжілістерінен қумайтын. Қайта, мешіттің рухани лебін сезініп, ислами тәрбие көруін қалаған. Ең бастысы балаға намазды сүйдіре білу. Хасан мен Хұсейін отыз жасқа жеткен кезі. Бірде оларға бір кісі келіп: «Пәленше баласына бесін мен асырды, ақшам мен құптанды бірге оқытып үйретеді екен», – деп намазды жеңіл жолмен үйретіп жатқанын айтады. Сонда олар: «Балаға намазды жағымды амал ретінде көрсете алды ма? Ең маңыздысы – осы» – деп, ең бастысы балаға намазды сүйдіре білу екендігін білдірген. Олай болса, Пайғамбарымыздың (ﷺ) тәрбиелеген мүбәрак ұрпақтарының мінез-құлықтарынан үлгі алып, балаларымызды тәрбиелейік. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жеті жасқа келгенде балаларыңа намаз оқуды бұйырыңдар. Ал, он жасқа келгенде (намаз оқымаса) оларды ұрыңдар. Әрі олардың (осы он жастан бастап) төсектерін бөлек салыңдар»188, – деп, балаға жеті жаста намаз үйретіп, он жасында намаздың маңызды құлшылық екендігін түсіндіріп, тәрбиелеу керек екендігін айтқан.

Адамға ауыр тиетіні жоғалған зат па, әлде уақытында оқылмай қалған намаз ба?
Бұл өмірде өте құнды әрі жанымызға жақын затымызды жоғалтсақ, қатты қайғырамыз. Күні-түні жоғалтқанымызды ойлап, мазасыз күй кешеміз. Ол затымыз өте құнды болса, қайғымыз да арта түседі. Қайғы мен мұңымыз сол заттың құндылығымен өлшенеді. Алайда ақылы бар жан тосыннан ғайып болған бұл заттың бізге опа бермейтінін, әйтеуір бір күні айырылатын дүниелік зат екенін білсе керек. Ендеше біз үшін құнды не бар? Бұл дүниелік жемісі шектеулі заттар ма? Жоқ әлде мәңгілік бақытты ғұмырымызға себеп болатын нығмет пе? Өкінуге тұрарлық бірден-бір нерсе – Алламен байланысты жоғалту. Бұл дегеніңіз саналы пенде үшін ең үлкен қасірет болса керек. Танымал ғалым Атаұллаһ Искендаридің «Һикам» кітабында: «Аллаға иланған құл неден ұтылып, Аллаға сенбеген құл не ұтады?» – деген пәлсапасы арқылы Аллаға иман келтіріп, дүние мен ақыретте мол бақытқа кенелудің жолын тілге тиек еткен. Өйткені Алланы таныған құл бұл пәни өмірдің соңы мәңгілік өмірмен жалғасатынын біледі. Ал Алланы танымаған жан өмірінің осы ғұмырмен шектелетінін ойлап, мазасызданады. Бұнан құл үшін Алламен тілдесіп, Алламен бірге болу өте зәру мәселе екенін аңғарамыз. Намаз – қамшының сабындай қысқа ғұмырымызды жақсы өткізуге мұрындық болады. Намаз – ақыретте мәңгілік жәннатқа кірудің басты себебі. Мұсылманның миғражы болып саналатын намазды тәрк ету Алланы ойынан біржола шығарумен тең. Өйткені, намаз құлшылықтың мәйегі, иманның негізі. Сондықтан болса керек, құлшылықтың мәнін терең түсінген әулие құлдар намазын қаза қылса, қатты қайғыратын. Имам Бұхари риуаят еткен бір хадисте намазды оқымаудың өте ауыр күнә екені жайлы: «Әулие кісі екінді намазын қаза қылса, бала-шағасын апатта жоғалтқандай күй кешеді» делінген. Ұлы ғұламалардың бірі Сайид Абдулхаким Аруаси: «Бір намазымның қаза болуы, дүниедегі барлық нығметті жоғалтқаннан да қиын» – деп, бұл дүниеде намаздан артық маңызды істің жоқтығын жеткізген.

«Рас, намаз оқу керек екенін білемін, бірақ, шынымды айтсам, менің уақытым жоқ»
Ең сорақысы, кейбір адамдардың Алланың құзырына шығып, мінәжат жасауға деген «уақыттарының жоқтығы». Дүниелік қызықтар мен ұшы-қиыры жоқ бітпейтін бос тірліктерге уақыт табылғанда, күллі жаратылыстың Иесіне он бес минут уақытын қия алмау қандай өкінішті! Алла Тағала біздің қолымызға тегіннен тегін жиырма төрт сағатты ұстатып, «осы жиырма төрт сағаттың бірін маған бер, есесіне мен саған жұмақ дейтін мәңгілік қалатын ғажайып мекеннен орын сыйлаймын» деуде. Ал біз ақымақтықпен орынсыз сараңдық танытудамыз. Мына бір мысалды тілге тиек етейік; бізге бір адам күнделікті жұмсауымыз үшін белгілі бір мөлшерде ақша беріп отырса, және осы ақшаны ол адамнан күн сайын өзіміз барып алып тұрсақ, онымен кездесуге уақыт жоқ деп айта аламыз ба? Құлға тіл бітірген бір уыс алтын сықылды, жоғыңды өтеп беретін осы бір қағаз байлықты күнде барып алып кетуге уақытым жоқ десеңіз, айналаңыздағы жұрттың не ойлайтынын кім білсін? Олай болса, Алла Тағала бізге күндік тыныс алуымыз үшін ауаны, күллі ғаламшарларға нұрын шашқан алып күнді, тіршілік кешуіміз үшін алып сарайдай түрлі кереметтерге толы жұмыр жерді, түрлі қажетімізді өтейтін сыйын табақпен тартқандай алдымызға сыйлады. Қалайша осының бәріне көзді тарс жұма қараймыз? «Намаз оқуға уақытымыз жоқ» деп айтуға қалай ғана аузымыз барады? Ар-ұжданымызды бір мезгіл тыңдап көрелікші?! Ұждан өтірік айтпайды. Жүрек қалауы не дейді екен? Жүрек алдамайды. Егер бұлар тыныш болмаса, демек болашағымыздан бірдеңе сезіп жатыр деген сөз. Бәлкім, алдын-ала ескертуі шығар?!Әлі де кеш емес. Ендеше, неге ақыретіміз үшін қам қылмаймыз?

«Намазды оқығым-ақ келеді. Бірақ біртүрлі іштей қалау жоқ, зауқым соқпайды»
Кейбір адамдар намазды оқығанымен, кейде пенделікке салынып намазды ауырсынып, орта жолдан тастап кетіп жатады. Енді кейбіреуі жалқаулықпен намаздарын көбірек қаза етіп жатады. Уақыт өте келе намазды осымен доғарамын-ау деген сайтани ой иманның әлсірей бастағандығын білдіреді. Ондайда уағыз тыңдап, Құран оқып, жанымызға рухани азық болатын кітаптар оқып, онымен барынша күресе түсу керек. Иә, шайтан әрқашан адамды аяқтан шалып, тобықтан қағып, тура жолда омақаса құлатуға тырысып бағады. Намазды сүйсініп оқу үшін ең алдымен жүректегі иман кәміл, берік болмақ керек. Иманды кәміл ету үшін салиқалы адамдардың ортасында көп болуға тырысқан жөн. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Адам баласы досының дінінде болады. (Досы қандай болса, өзі де сондай). Сондықтан да әркім кіммен достық құратынына мұқият қарасын» деп айтқан[20]. Олай болса, иманды, тақуа дос, құлшылығымызды қылып, иманымызды арттыруда бірден-бір жәрдемшіміз бола алмақ. Екіншіден, білімді арттырған үстіне арттыра түскен абзал. Білім алу адам жүрегіне Аллаға деген сүйспеншілік сыйлап, сіздің өз дініңізді толық орындауыңызға себепкер болмақ.

«Намазды дұрыс алып жүре алмаймын ба деп қорқамын. Жастық шақты өкінбестей өткізу керек қой»
Иә, адам болғаннан кейде ойымызға неше түрлі ой келері анық. «Намазды бастасам ертеңгі күні оңды-солды емін-еркін қыдырып, сауық-сайран құра алмай қаламын. Жастық шақ өмірдегі ең қызықты, ерекше кезең. Қырдан асқан қызыл түлкідей бұлаңдап, көзден бұл-бұл ұшып кеткенде «қайран жастық-ай» деп өкініп отырғаннан нендей пайда бар? Одан да жақсылап жүріп қалайын» деген сайтани сыбыстар сананы сілкілеп, әбігерге салуы бек мүмкін.

Негізінде жастық шақта мәңгілік емес, уақытша ғана емес пе? Жайқалып жадырап тұрған жазғы табиғатты ай артына ай салып күз келіп сары алтынмен көмкеріп тастайды. Сап-сары боп оттай жанған атыраптар енді бір күні аппақ мамық көрпеге оранады. Осылайша күндізден кейін жер бетін қою қараңғылық басса, мүлгіген тыныштық орнататын түннің уағы ауып, ағарып таң ата бастайды. Уақыт жылжып мезгілден кейін мезгіл ауысқаны сияқты жастықтан кейін қарттық, қарттықтан кейін Алладан бұйрық келген күні өлімнің келері хақ. Егер адам жастық шағында шариғат шеңберінен аспай, тек ізгі амалдар жасаса, оның қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындағы жастық шағы мәңгілік жастық шаққа айналары сөзсіз. Жәннатта ер кісілер 33 жаста, ал әйелдер 18 жастағы кейпінде мәңгілік қалады екен.

Бірде Пайғамбарымыз бір әжейге «сіз жаннатқа кәрі емес, жас болып кіресіз» деген екен. Жастық шағымыздың құмары пейіш азығынан ғана тоят табады. Дүниелік нәрселерге әсте қанағат болмайды. Егер осынау пәнидегі жастық шағымызда дүниелік харам істерге былғанып, шалқып өмір сүрем деп нәпсіқұмарлыққа салынсақ, мәңгілік бақытты ғұмырдан айырылып, ақыреттегі мәңгілік өмірімізді өкінішпен өткіземіз.

Запыраны басым қазіргі заманда бар пәленің бас-шысы ащы судан татып алып, бір сәт қызбалықпен адам өлтіріп, қорғансыздарға зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрлық жасап, қаншама жылын түрмеде өлтіріп, жазасын тар қапаста өтеп жатқан жандар қаншама? Сол секілді жастықтың қызуымен, байлықтың буымен, харам жолмен қолы жетіп, бір минуттық көрген ләззаты үшін ақыреттің мыңдаған жылдық өкінішіне, қабір азабына ұшырап, өткеніне өкінішпен қарайтын кез келері анық.

Дүрия көрпе жамылып, саф алтыннан соғылған сарайда ғұмырын өткізіп жатқандар, қарапайым ғана қоңырқай тіршілік кешкен жандарға шекесінен қарап, ар-ұжданын аяқасты етіп, адамшылық қасиет танытпай, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктердің тууына себепші болуда. Алла Тағала бұл өмірді құлдарына сынақ етіп берді. Асып-тасып құдайын ұмытқандар, басына күн туып, айықпас дертке шалдыққан уақытта бар өмірі дәрігердің қолында тұрғандай шетел асып ем іздейді. Әсте солар қиналған шағында Алланы бір рет еске алды ма екен?

Мұндайда Шәкәрім атамыздың мына бір өлеңі ойға оралады:

Өлімнің хақ екенін көрсең де

Өлместей омыраулап шатасың.

Дозақтың барын біліп жүрсең де

Күнәға әлің келсе батасың.

Сауап көп ғибадатта десең де

Жалығып, жалқауланып жатасың.

Алланың адал рызығын жесең де

Арамды әдейі іздеп татасың.

Сыртыңды сыланасың өң беріп

Ішіңнің түзетпейсің қатесін.

Айламен алдағанды жөн көріп

Адамды аң орнына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде

Амалсыз қара тастай қатасың.

Тіпті жастық шағын желең жүріспен өткізген жастардың қаншамасы мазарда жатыр. Жастығын жаман жолда өткізгені үшін қабыр азабын шегуде. Олай болса ақиқат анық. Шариғаттың адал еткендері нәпсіміздің қалауына жетерлік. Сондықтан жастық шағымызда ешкімнің ала жібін аттамай, елден қарғыс емес, алғыс алып, қоғамға пайдалы істермен айналысып, парасатты, пайымды адамдық тұлғамызды қалыптастыруға ұмтылған дұрыс.

«Намазға ыңғайлы жер таба алмай жатамын»
Кейбір адамдар оқитын ыңғайлы жер таба алмағанын немесе тазалыққа көңілі толмайтынын айтып жатады. Жағдай болып жатса, Алламен оңаша қалатын жеріңіздің айнадай болғанына не жетсін, бірақ көшеде немесе қоғамдық орындарда жүрсеңіз, көзге көрінетіндей лас болмаса бетонда, тақтайда, топырақта оқи беруге жол ашық. Егер маңайдан кілем немесе жайнамазға жарайтындай төсеніш табылмаса пальтоны немесе басқа да сырт киімді жерге жайып, соның үстіне оқуға да болады. Алла разылығын биік қойған жанға бұл түк те емес. Маңайыңыздағы адамдар намаз оқымайтын болып, сіздің намаз оқығаныңызды басқаша қабылдайтын болса да намазыңызға нұқсан келтірмеуге тырысыңыз. Алланың бұйрығын орындауға ешкім де кедергі келтірмеуі керек.

«Намаз бір оқып қоя салатын нәрсе емес, күн сайын оқи бергеннен жалығып кетпейміз бе?»
Кейде нәпсіміз бізге намаздың күн сайын оқылуын ауыр көрсетуі мүмкін. Ойланып көрейікші, күн сайын тамақ жейміз, су ішеміз, ұйықтаймыз. Бұдан жалықтым деген пендені көрдіңіз бе? Әрине, жоқ. Өйткені біз тәндік қажеттіліктерімізді өтейміз. Ал, рух қажеттілігін қайтіп өтейміз? Демек намаз да қажет. Тіпті адамға ең бірінші керегі осы намаз. Өйткені біз ерте ме, кеш пе бұл өмірдің түгесілетін нәрселерінен гөрі, ақыреттегі мәңгі қажеттіліктердің одан да қымбаттырақ екенін жақсы білеміз. Денеміздің азығы уақытша, рухымыздың азығы мәңгілік, дүние азығы уақытша, ақырет азығы мәңгілік екені бесенеден белгілі. Мысалы, біздің ауруымызды білген дәрігер «Мына дәріні күн сайын бес ретқабылдауың керек» деп талап қойса, әрі бұл дәрілердің біз үшін өте маңызды екенін қайта-қайта шегелеп айтса, одан бас тарту мүмкін бе? Олай болса, жан саулығының дәрісі, рухани аштықтың қорегін білген Алла Тағалада бізге күніне бес уақыт намазды парыз қылып, Құранның 70 тен астам жерінде бұны шегелеп тапсырған. Намаздың ақыреттік пайдасын былай қойғанда, осы дүниедегі пайдасы да шаш-етектен. Жан-дүниедегі күйзеліс пен опа бермейтін ашудан, әр түрлі жанды жегідей жейтін аурудан құтқаруы, ауызбен айтып жеткізе алмайтын намаздың ерекше қасиеттерінің бірі ғана. Ендеше, намаз адамды жалықтырады деу де ойсыз айтылған пікір.

«Көбіміздің жұмыс орнымыз рұқсат етпейді.»
Қайсымыз жұмыста жиырма төрт сағат отырамыз? Ешқайсымыз. Жұмыс уақытына намаздың бір-екісі, ары кетсе үшеуі ғана сай келеді. Бірақ нәпсіміз әйтеуір бір сылтау табуға құмар-ақ. Түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге әуес. Бесін, екінті, кейде ақшам намаздары жұмыс уақытына сәйкес келетіні рас. Бірақ бұл мүлде оқи алмаймын деген сөз емес. Бесінді түскі ас кезінде оқи аласыз. Екінті мен ақшамның тек қана парыздарын оқуыңызға болады. Тіпті намаз оқығанда қысқа сүрелерді оқып намазды тәмамдауға болады. Егер қызметіңіз әскери болып, мүлде намазға рұқсат берілмесе, намаздардың тек парыздарын оқып, дәреттің де тек парыздарын ала аласыз. Алла елшісі (ﷺ) соғыс уақытында да жеке тіпті кейде намазды жамағатпен оқытқан. Айналып келгенде бәрі өзімізге байланысты.

«Еңбектену де ғибадат» деген сөз бар емес пе, жұмыс істеп, бала асырап жүрміз, намаз оқудың не керегі бар?
Бұлай айту да үлкен қателік. Біріншіден, «ғибадат» сөзі дінге ғана қатысты нәрсе. Кез-келген бір іске ғибадат деп айту үшін Алла немесе пайғамбар тарапынан бұйырылуы керек. Біле жүріңіз, Құранда да, сүннетте де намаздың орнын жұмыс істеп, еңбек ету алмастыра алады деген сөз айтылмаған. «Нұр» сүресінің 36-37 аяттарында «Сауда-саттық, адамдар үшін Алланы еске алуға, намаз оқуға, зекет беруге кедергі болмайды. Олар жүрек атаулы ауызға тығылған, көздер қан жылаған күннен қорқады» – делінген. Жоғарыдағы аяттар жұмыс пен сауда-саттықтың намазға кедергі келтірмейтіндігінің айқын дәлелін көрсетіп отыр. Шынтуайтында әрбір адам сауда-саттығын жасай жүріп, немесе түрлі шаруалар атқарумен қатар құлшылықтарын да толық орындауға мүмкіншілігі бар. Бес уақыт намаз оқуды әмір еткен Раббымыз біздің жұмыс істейтінімізді, бала-шағаларымыздың барын ескермеген деу орынсыз. Ол барлығын да естуші, көріп-білуші екенін естен шығармайық. Рас, жұмыс істеу ғибадат, тіпті ниетіңізге қарай барлық ісіңізді ғибадатқа айналдыруға болады. Дегенмен ақыретте алғаш сұралатын намазды оқып, адал еңбекпен нан тауып мамыражай тірлік кешкенге не жетсін?!

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Қиямет күні Алланың алдына дүние тіршілігінде ірі тұлға болған еңгезердей бір алып денелі адам келеді. Алайда оның Алланың құзрында шыбынның қанатындай да (яғни қаңбақ құрлы) салмағы болмайды»[21] – деген. Өйткені дүниеде қанша бай болып, адамдар алдында беделді көрінсе де, ақырет қамын ойлап, Алланы күніне бес мәрте есіне алмағаны үшін ақыретте еш бағасы болмайды екен.

«Біз үшін намаз қаншалықты маңызды?»
Намаз оқымаудың ең басты себебі — оның маңызын түсінбеуде. Намаз ақырет күнінде шексіз сый сыйлайды. Алайда одан хабарсыз адам «қолым тимейді, кейін оқимын» деп сылтау айтатыны бесенеден белгілі. Дүние мен ақырет істерінің қайсысы абзал екенін білмегендіктен осылай айтуда. Намаздың адамзат жаратылысының мақсаты екеніне пысқырып қарағысы да келмейді. Ал негізінде Алла Тағала Құранда «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым»[22] демей ме? Бізді жаратып, рухымызды қайта алған, ақыретте есепке тартып шексіз сыйлық немесе азап беретін Алла Тағала адамзатты бұл дүниеге құлшылық үшін жаратқанын айтып намаз оқуымызды бұйыруда. Ал біз болсақ өз құлқынымыздың қамын ойлап, бостан-босқа жаратылып, мына жалғанға текке келгендей сезінеміз. Бұл жайында да Алла Тағала «Біз сендерді бостан босқа жараттық деп ойлайсыңдар ма?…..»[23] демей ме? Алла Тағала да, Пайғамбарымыз (ﷺ) да ең үлкен ғибадаттың намаз екенін айтумен қоса қабірге түскенде де ең бірінші сұралатын осы намаз екенін ескерткен. Алғашқы сынақтан сүрінбесек, басқа нәрселердің де есебін беру оңайырақ болады. Сондықтан намаз оқуға деген ынтамызды дұрыстайық. Бес күндік жалғанның сынақ екенін жақсы ұғынып, мұсылмандық парыздарымызды орындауға ұқыппен қарайық.

«Ауырып жүргенде оқымай-ақ қойса қайтеді?»
Адам баласы ауру екенмін деп дүниелік істерінен бас тартқан емес. Өмір бойы жұмыстан қалмаған немесе кешікпеген адамдар бар. Олар да ауырған шығар, бірақ болмашы ауруға бола жұмыстарынан жырақтап қалған емес. Орнынан тұра алмайтындай ауруға дініміз отырып, отырып оқи алмаса жатып, басымен ишарат жасау арқылы оқуға рұқсат берген. Ал жұмысымызды отырып болмаса жатып істеуге келмесе де өйтіп-бүйтіп амалдап жүріп істейміз ғой. Оның үстіне намаздың алатын уақыты бес-ақ минут. Егер жуыну ауруды асқындырып жіберетін болса, тәйәммүм соғып та оқуға болады. Ислам дінінде бұл жағы да назардан тыс қалдырылмаған. Өйткені Алла Тағала адамға көтере алмайтын жүкті жүктемейді.

«Алланы мейірімді, кешірімді дейді ғой,»
«Намаз оқымағанымызды Алла өзі кешірер» деп ойлайтын адамдар, намаз оқымайтындардың алғашқы легін құрайды. Бұл жұмырбасты пенденің санасына салып берген шайтанның ойы, әрі алдаусыратуы екені шындық. Анығында Алла Тағала серік қосудан басқа барлық күнәні кешіреді деп кесіп айтуымыз орынсыз болар. Ақиқатты танып-білу үшін Алла Тағала бізге сана берді. Өз айтқанымызға байыптай қарап, сәл ойланып көрдік пе? Бұған Алла Тағаланың өзі мына аятымен жауап беріп отыр.

«Уа, адам баласы, Раббыларыңнан қорқыңдар және ешбір баланың әкеге бодау төлей алмайтын, ешбір әкенің өз баласына ештеңе де бере алмайтын күннен қорқыңдар. Күдіксіз Алланың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын. Сондай-ақ өте алдаушы ол (шайтан) Алланың кешіріміне сендіріп, сендерді алдамасын»[24] Бұл аятта «қалай болса да Алла кешіреді» деп намазға немқұрайлы қарау, жақсылыққа бастар жол еместігін меңзелген. Мейірімділердің мейірімдісі, рақымды Алла Тағала намазды ешқандай сылтаумен тастамау керектігін алдын-ала ескертуде. Ал, біз болсақ Алла Тағаланы өзінен артық білетіндей «ол кешіреді, ол мейірімді» деген жалған үмітті үкілеумен азанның үніне, жүректің нұры намазға сынық көңіл танытамыз. Қасиетті Құранда 70 мәрте намаз оқуға шақырады. Сонда бұған мән бермей «ол кешірімді» деп жүре беруіміз кімді алдағандығымыз болмақ? Алдымен мынаның басын ашып алайық, Раббымыздың рақымы мен кешірімінен құр қалмауды ойласақ, күні-түні ғибадат етіп, күнәға жетелейтін жағымсыз іс-әрекеттерден бойды аулақ салғанымыз абзал. Әйтпесе ғапылдықпен күнәнің апанына түсіп кетіп, кейін бармақ тістеп қалуымыз кәдік. Мына бір аятқа назар салып көрейікші: «Шын мәнінде, Алла жамандықты білмей істеп, содан соң дереу істеген ісіне өкініп тәубе еткендердің тәубесін қабыл алады. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі»[25] Демек, тәубеге келудің де өзіндік шарттары болса керек. Егер адам күнәні білмей істесе, артынша дереу тәубе еткені жөн. Жалпы алғанда адам баласы парыз етілген құлшылығын орындамай жүріп, күнәлі іске бой алдырып, өзіне шаң жуытпай, дереу кінәдан өз басын ала қашуға бейім тұрады. Ал егер пенде біле тұра күнә жасап, артынша Жаратқанға жалбарынып, кешірім тілеп, шын ниетімен тәубесіне келсе, сонымен қатар ендігәрі күнә атаулының шалшығына аяғын аттап баспаса, онда құдай қаласа тәубесі қабыл болып, кешірімге ие болар.

Иә, Раббымыздың ерекше 99 есімдерінің ішінде Мейірім мен Кешірімді деген есімдері бар екенін жалпақ жұрт та біледі. (Мейірімі мен шапағаты мол Алла Тағала тек өзіне серік қосқанды кешірмейді.) Бір құдси хадисте Алла Тағала «Менің мейірімім ашуымнан басым түседі»[26] дегені бар. Тіпті өмір бойы күнәдан көз ашпай келіп соңында терең тәубе еткен құлға, Алланың мейірімі түссе, оған жұмақтан бір орынды сыйға тартуы да ғажап емес. Әрі өмір бойы ақ жолдан айнымай ар сақтап келген адамдардың бір-ақ күнде «менен басқа жұмаққа кім лайық» деген сайтани ойға тап болып, ақырында дүниеден тәубесіз көз жұмып, ақыретін тозақта жалғастырмасына кім кепіл?

Ендеше ешкім де Алладан кешірілетіні жайлы уәде алған жоқ. Рақымды Алла мейірімін төгіп, кешірім қылар деген алабөтен ойдан аулақ болып, оның кешіріміне ие болу жолында жан-тәнімізбен шынайы түрде құлшылық етуіміз керек. Дүниеде алшаң басып масайраған жанның ақыретте жаны қысылып қатты қорқатыны, ал дүниеде қорыққанның ақыретте қатты қорқынышқа берілмейтінін ойға алайық. Бір құдси хадисте Алла Тағала «Мен бір құлыма екі қорқынышты бірдей бермейтінім секілді, екі жан тыныштығын да қатар бермеймін» – деген. Жұмыр басты пенде бұл дүниеде қорықпаса, көзі шарадай болып ақыретте қорқатыны хақ. Жаббар иеміз өзінің құлдарына қорқынышты екі дүниеде бірдей бермейтіні секілді қуаныш пен жан тыныштығын да екі дүниеде қатар бермейді екен. Сондықтан да осы бір жалған дүниеде әрбір пенде ақыретті ойлап, Алланың жамалын аңсап, оның мейірімінен құр қалмайын деп сауапты істер жасап, құлшылық қылып, бес уақыт намазын қаза қылмай оқып жүрсе, ақыретте жан тыныштығына кенеледі. Құран Кәрімде «Ақыретте Алланың сүйікті құлдарына қорқыныш та, қайғы да болмайды»[27]202 деген. Ал егер Алла Тағала мені кешіреді, әр амалыма ақыретте өзім жауап беремін деп дүниеден алаңсыз өткен адамда, ақырет күнінде мұндай еркіндік пен өзіне деген сенімділік бола қоймасы анық. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Адам баласының бойында үрей мен үміт қатар жүреді. Он екі мүшесі түгел, күш-қуаты тасыған жастық кезеңде мұсылман адамның бойында ақырет қорқынышы басым болғаны дұрыс, өйткені нәпсі деген көкжал бөрідей іштен ұлып, адам баласын тура жолдан тайғызып, қадамын қия бастыруға дайын тұрады. Жастық шақ, бойда жалын ойнаған албырттық кезеңде адам баласы дүниенің думанды, өтпелі өмірдің өткінші қызықтарына қалай алданып қалғанын білмей қалады. Ал, күш-қуаты семіп, қартайған шағында үміті басым болғаны жөн. Құран Кәрімде «Егер шынайы мүмин болсаңдар, олардан қорықпаңдар, тек Менен ғана қорқыңдар»[28]десе, тағы бір аятта «Алланың құзырына күнәмен барудан қорқып, нәпсісін тыйғандардың барар жері жәннат болады»[29] делінген. Яғни күнәм көп, ізгі амалдарым аз деп Алланың құзырына барудан қорқып, бұл дүниеде құлшылығын мейлінше толық істеуге тырысқандардың барар жері жәннат болмақ. Әрі Алла Тағала Құран Кәрімде кейбір сүйген құлдарына бір емес, екі жәннатты қатар беретінін айтқан. Сол екі жәннат Құдайдан қорыққан құлдарға ғана бұйырады екен. Ол «Алланың құзырынан қорыққандар үшін екі жәннат беріледі»[30] деген. Олай болса Алладан қорқып күнәдан тыйылу, ақыреттен қорқып құлшылық қылу, бос үміттен абзал екені айғақ. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Сауылған сүттің желінге қайта кірмейтіні секілді Алладан қорқып көз жасын көл қылған адамның да тозаққа кіруі мүмкін емес….»[31] деген екен.

«Уақыт ыңғайы келмесе не істеу керек?»
Намаз дүниедегі барлық істен биік тұруы тиіс. Намазбен қатар қойғанның өзінде ешқандай да жұмыстың маңызы одан артық болмақ емес. Үйдегі теледидарға спутник антенін жалғап алып, 100 демесек те 50 арнаны бір аралап шығу үшін кем дегенде бір сағат уақытыңыздың қалай өтіп кеткенін аңдамай қаласыз. Ал, намаздың алатын уақыты бар болғаны 5-10 минут қана. Кейбір оқушылар мектепте жүрмін деп намаз оқымай жатады. Шынтуайтына келгенде намаздың мектеп тәртібіне ешқандай да кедергісі жоқ. Екі сабақ арасындағы үзілістің уақыты жүгіріп барып намаз оқып келуге жетіп артылады. Оның үстіне сабақ уақытына тұспа-тұс бір немесе екі мезгіл ғана намаз уақыты келеді. Бір үзілісте барып дәрет алып келсе, екінші үзілісте намаз оқыса, сабағына ешқандай да кедергісі болмайды. Ескере кетейік, кейбір мектептерде намаз оқитын орын болмауы мүмкін. Оның да жарасы жеңіл. Қалта жайнамазы бос сыныпқа немесе кез келген басқа жерге төсеуге ыңғайлы. Бұл уақыттарда намаздың парызын ғана оқи салуға да болады. Өйткені бізден негізгісұралатын да сол парыз намаздары.

«Оқыр едім, сөздерін білмеймін ғой.»
Бұл сөзіміздің жарасы тіптен жеңіл. «Фатиханы» қосқанда үш сүре және тағы бір-екі дұға біздің парызымызды орындауға жетіп жатыр. Намаз оқитын кез келген мұсылманның бұны, қуана-қуана үйретері сөзсіз. Еліміздің дамуы қарыштап, гүлденген осынау заманда оқитын діни кітаптар, болмаса имамдардың уағызы басылған, заманауи тілмен айтқанда СД дисктер, бейне баяндар табу тіптен қиын емес. Бұл жерде де айналып келіп ат басын тірегенде дүниеге бөлген көңіліміз ақыретке деген көңілден әлдеқайда басым тұрғанын еріксіз мойындайсыз. Үш тұғырлы тіл саясатының арқасында жоғары лауазымды қызметтерге жайғасу үшін қазір бір-екі жылда жүгіріп жүріп ағылшын тілін шұбарлап сөйлесек те үйреніп алуға бар күш-жігерімізді саламыз. Тіпті сыртына қым-қиғаш сурет басылған, тіл үйрететін кітаптарды дүкеннен іздеп жүріп қалтаны қағатындай бағасына қарамастан сатып алатынымыз өз алдына. Ал біз сол намаз сөзін, тіпті намаз оқуды үйрететін, бағасы да бәлендей қымбат емес бейнелі кітаптарды сатып алуға ықыластанып көрдік пе? Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалім тапсырмасы өз алдына, ашық сабақтар үшін өлең мен тақпақтардың талайын жаттадық. Әлі күнге дейін ұмыт қалмағанын ыңылдап әуезіне салып айтатын әдетіміз бар. Ал намаз сөзі бұлардан аз болмаса, көп емес.

[14] Иһия улумиддин, Имам Ғазали, 132б. Тирмизи, хадис Әнастан (р.а.).

[15] Бухари, 116/2.

[16] 217 Бухари, Тәһәжуд, 16, Тирмизи, Салат, 304.

[17] Бухари, Саләт 52

[18] Әнфал, 28.

[19] Бухари, Фитан 20.

[20] Муснад 4835.

[21] Бухари 18/6.

[22] Зәрият сүресі, 55

[23] Муминун, 115.

[24] Лұқпан, 32.

[25] Ниса, 16.

[26] Насай, Сунану Кубра 7758.

[27] Бақара, 112

[28] Әли Имран, 175

[29] Назият, 40.

[30] Рахман, 46.

[31] Тирмизи Фадайлу жиһад 8.


0 комментариев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *