«Намазды қартайғанда оқысам да жетпей ме?»
Намазды оқымайтындардың тағы бір айтатын уәжі «әлі жаспын деу».

Адам деген қайта ерік-жігері мол, жалындаған жастық шағында ғибадат пен құлшылыққа ғашық болмас па еді? Тонның сыртын теріс айналдырғандай бәзбіреулер оны керісінше намазға кедергі көреді. Алланың берген жел ғұмырының өлшемін кім біліпті? Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Ғұмыр – дария өз ағысымен тоқтамай аға береді. Қартайғанға дейін осы өмірде сайран салып жүре беретінімізге кім кепіл? Кім жаналғыш Әзірейілмен келісімшартқа отырыпты?

О заманда, бұ заман зымырай ұшқан хақ өлімнің жебесі жас-кәрі деп талғап жатпайды. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, құрғақ сөзді созғыламай, әрі-беріден соң айтарымыз, жарайды, қартайдық, иманымыз артып жайнамазға тұрдық делік. Алайда жастық ғұмырда желікпен өткен жылдардың есебін қалай береміз? Алла намаз оқуды қарттарға емес, балиғат жасына жеткен тегіс пендеге парыз етті емес пе?

Алла елшісі бір хадисінде ақыретте төрт ауыр сұрақтың сұралатынын білдіріп «Жастық шағыңды немен өткіздің»[1] деп бірінші сұрақты қояды. Олай болса бұл сұраққа жауап берудің бірден бір жолы «намазымды орындадым, оразамды тұттым» деп жауап беру болмақ.

Сондай-ақ Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағаланың көлеңкесінен басқа сағаларға ештеңе табылмайтын қиямет күні жеті түрлі адамды Алла Тағала көлеңкесіне паналатады. Олар: Әділ басшы, жастығын бір Аллаға құлшылық етумен өткізген жас, жүрегі «мешіт» деп соққан мүмін, Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көріп, Алла үшін бас қосып және Алла үшін айрылысқан екі дос, сұлу әйел шақырғанда «Жоқ, мен Алладан қорқамын» деп нәпсісін тізгіндей білген ер жігіт, оң қолының не бергенін сол қолы сезбей қалатындай дәрежеде садақасын жасырып беретін мәрт адам және жалғыз қалғанда Алланы есіне алып көз жасын көл қылған тақуа»[2] деген екен.

Олай болса жастық шақты құлшылықпен өткізіп, ақыретте Алланың қамқорында болғанға не жетсін?!

Өкінішке орай, қазақтың көбі «намазды оқуымды бітіргеннен кейін оқимын», «жақсы жұмысқа орналасып алайын, намазды сосын оқимын», жұмысқа тұрғаннан кейін «балаларымды жетілдірейін, намазды кейін оқимын», одан кейін «зейнеткерлікке шығайын, намаз ешқайда қашпас» деп жүріп өмірлерінің қалай өтіп кеткенін аңдамай қалып жатқаны жасырын емес. Беймезгіл келген ажалдың құрығына ілініп бақилық болғанды да, намазға тұруға әл-ауқаты жетпей қартайып қайғы ойлаған шақта өткен іске өкініп, өкініштен көкірегі қарс айырылып жатқанды да көз көріп, құлақ естіп жүр.

«Ажал айтып келмейді» деген тәмсіл де тегін айтылмаса керек. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде: «Алла Тағала алпыс жыл ғұмыр берген құлының ешбір сылтауына құлақ аспайды»[3]– дейді. Яғни пайғамбар жасына келгенше құлшылық жасамай қайтыс болған адамның «Тағы да біраз өмір сүрсем, құлшылық жасар едім», – деген сылтауы қабылданбайды. Өйткені оған мүмкіншілік берілді. Сол секілді біреуге алпыс, біреуге қырық, біреуге одан да аз ғұмыр нәсіп болып жатады. Бірақ Құран Кәрімде «Егер оларға ажал келсе, оны бір сағат алға да, артқа да жылжыта алмайды»[4] деп өлімнің уақыты Алла алдында белгілі екені және ол келгенде ешкім де оны тоқтата алмайтыны айтылған.

Иә, жалындаған жастық шақ бізді намазға ғашық етуі тиіс. Жас күнімізде күш пен қайраттың көп болатынан ескерсек, намаз оқуға да оңай келмей ме? Ерте ме, кеш пе тізе қақсап, балтыр сыздап, отырсақ тұра алмайтын, тұрсақ отыра алмайтын қарттық келіп жағадан жармасқанда, ажардан нұр, базардан құның кетіп қаусаған қария болған уағыңда намаз оқымақ түгілі отырып-тұруың мұң болар. Сол кезде «Әттең, намазымды жас кезімде, денсаулығым бар кезде бастауым керек еді» деп сан соққаннан келіп-кетер пайда болмас. Сондықтан осындай күш-қуатқа толы жастық тағылымға толы, мәнді де сәнді етіп, құлшылықпен өткізген жөн.

[1] Табарани, 5/74; 4710.

[2] Бухари, Зекат 6.

[3] Бухари, Риқақ 5.

[4] Юнус, 49.
«Намаз» андройд приложениесінен алынды.


0 комментариев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *