Исламда тыйым салынған харам амалдардың бірі – арақ ішу. Сауапты іс пен күнәні біріктіру иманның әлсіздігінен, нәпсінің ауыр басуынан. Шынайы мұсылман адам Алланың харам деген нәрсесіне мүлдем жақындамайды. Арақтың харам екеніне ешкім күмәнмен қарап, шүбә келтірмейді, себебі оның харам екені Құран мен хадистерде нақты айтылған. Алла Тағала Құран кәрімде арақтың харамдығы жайында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, пұттар және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істері. Одан сақтаныңдар, ұтыларсыңдар. Негізінен шайтан мен арақ, құмар ойын араларыңа от салып, дұшпандық туғызады, Алланы еске алудан және намаздан мақұрым қалдырады. Сонда да тыйылмайсыңдар ма?»[7] – деген.

Алла елшісі (ﷺ) «Кімде-кім арақ ішер болса,қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе қылса, Алла тәубесін қабыл қылады. Ал егер қайта ішсе, тағы да қырық күндік намазы қабыл болмайды,Тәубе қылса, Алла тағала тәубесін қабыл алады. Ал егер тағы қайталаса, қырық күндік намазы қабыл бол майды, тәубеге келсе, Алла қайтадан тәубесін қабыл алады. Төртінші мәрте қайталайтын болса, Алла оның қырық күндік намазын да, тәубесін де қабыл алмайды. Ең соңында оған «хабал» өзенінің суын ішкізеді» – дейді. Сонда жанындағы сахабалар: «Хабал» өзені деген не? – деп сұрайды. Алла елшісі (ﷺ): Ол тозақ иелерінен аққан іріңді өзен»[8] – деп түсіндіреді.

Ит ішпейтін ащы, бар пәлеге басшы арақ екені көпке мәлім. «Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға өте зиянды» деген жазуды темекінің қорабынан оқи тұрып темекі шегетіндер сияқты арақтың қаншалықты зиян екенін біле тұра кей адамдар ішуге құмартып тұрады. Әрине, бұл нәпсінің қалауы. Таудай күнәні тәубе ғана жуып-шая алады. Алла Тағала құлдың тәубесін әрдайым қабыл алады. Бұл жайында Құранда «Шура» сүресінің 25-аятында «Алла, құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегендеріңді біледі» деген. Олай болса, хадисте «төртінші мәрте тәубеге келгеннің тәубесін қабыл алмайды» деген сөздің мағынасы ол Алла тағаланың өте қатты, ашулы ескерту жасағаны деп түсіндірген[9].

Демек, арақ ішкен адам күнделікті намазынан алып жүрген рухани нәрді қырық күн бойы ала алмайды деген сөз. Ішкен арағының ащы уыты бойына сіңгені сонша, оның әсері қырық күн бойы сақталуы, пенденің пешенесіне жазылған ризық-несібеден, намаздың мол сауабынан құр қалдырады. Арақ ішкеннің намазы қабыл болмауы жөнінде бұрынғы ғалымдар намаз өзінің шынайылығын, қадір-қасиетін жоғалтып, тек еңкею мен иілуден тұратын құр қимыл болып қалатындығын айтқан. Сондықтан арақ ішуші шынайы пейілімен намазға деген ынтық ықыласынан айырылып, қырық күн бойғы игіліктен мақұрым қалады. Арақ оның барлық жақсы тақуалық қасиеттерінің тамырына балта шапқан болады. Намаз оқып жүріп арақ ішу мына мысалға ұқсайды: бір адам үй салу үшін үйдің іргетасын қалап, қабырғасын өрсе, бірақ бөлмелердің еденін төсемесе, үй толық болмайды. Арақ ішкен немесе харам астың дәмін татқан адам да дәрет алып, намаз оқыса, парыз міндетін орындаған болады. Бірақ біз айтқан үйдің едені кем болғаны секілді, Алланың назарында намаздан алатын мол сауабы кеми түседі. Алайда, қырық күн бойы сол күнәлі іске қайта бармаса, ол ішкі тақуалығын қайта тауып, намазын толық өтей алады. Күнәдан күнә туатыны секілді, сауапты істер де тақуалықты арттырады. Арақ ішу – намаздың қадір-қасиетін кемітсе, намазды шынайы ықыласпен оқу – адамды жаманшылықтан тыйып, сауап жинаумен қатар ізгі мақсаттарға ұмтылдырады.

[6] Ихия Улумид-дин: Китабу Асрарис-саләт 131.

[7] Маида, 89, 90.

[8] Кәнзул уммал 13203. Тирмизи Китабул — ашриба 1862-хадис.

[9] Фатауы, Шабакатул — исламия 43141.

Мақала Намаз приложениесінен алынды


0 комментариев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *