Иман мен имансыздықты, мұсылман мен кәпірді ерекшелейтін – намаз. Құлдың пейіштік немесе тозақтық екенін таразылайтын да – намаз. Құран Кәрімде: «Аллаға бой ұсынған түрде Одан қорқа отырып, намазды орындаңдар. Әрі серік қосушылардан болмаңдар[10]» – делінген.

Алла Елшісі (ﷺ) бұл мәселеге байланысты: «Пенде мен күпірліктің арасын бөліп тұратын намаздан басқа құлшылық жоқ. Намаздың парыздығын біле тұра, әдейі, ерегісіп оқымаған адам Аллаһ тағалаға қосқан болады»[11] – деген. Мұнан намазды әдейі оқымау, оның парыздығын мойындамау имансыздықтың белгісі екенін білеміз. Шындығында, намаз – құл мен күпірлікті, жалғыз Аллаға бойсұну мен Аллаға серік қосудың арасын бөліп тұратын шымылдық тәріздес. Намаздың парыз екенін біле тұра мойындамай, оны жоққа шығарған жан діннен шығады. Басқа бір риуаятта намаз оқымаған кісінің Алланың қамқорлығынан, мейірімінен мақұрым қалатыны айтылған. Хазірет Омар да: «Намаз оқымаған жанның Исламнан үлесі жоқ»[12] – деп, діннің нышаны намаз екенін тайға таңба басқандай өсиеттеп кеткен. Бұл жағдайға сай Абдулла ибн Омар Алла Елшісінің (ﷺ): «Намазсыз пенденің діні жоқ»[13] –деп намазсыздықты дінсіздікпен теңегенін жеткізген. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Намаз оқымағанның иманы, дәрет алмағанның намазы дұрыс болмайды» – деген. Сондықтан, Аллаға иман еткен құл намаз оқиды. Ал иманы бола тұра намазды жалқауланып оқымаса, оның пасық яғни күнәһар болғаны. Кәпір болып саналмайды. Өйткені, ол намаздың парыздығын мойындап тұр. Бірақ, жалқаулығы жар бермей жүр. Ендеше, намазға ниеттену, намаз оқуға тырысу, намаз оқу секілді амалдар – имандылықтың белгісі. «Намазды бастап алып, тастап кетсем қайтемін»? – деген негізсіз қорқынышпен ғибадатты орындамау шайтанға алданғандық. Ақиқатында ізгі амал иманды арттырады.

[10] Рум, 31.

[11] Муслим 82; Ибн Мажә 1078.

[12] Муатта, Муснад 225.

[13] Табарани, Мұғжамул – уасит.

Мақала Намаз приложениесінен алынды.


0 комментариев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *